• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Қазақстан 28 Қаңтар, 2019

Көкшетауда жатыр мойнының обыры ісігіне қарсы онкүндік жарияланды

620 рет
көрсетілді

Көкшетау қаласындағы көпбейінді облыстық аурухананың  онкологиялық  қызметі жатыр мойнының обыры  ісігіне  қарсы  онкүндік жариялады. Осы күндері 30 бен 70 жас аралығындағы әйелдер дәрігерлерге көрініп, скринингтен өтті. Облыста әйелдер  арасында кездесетін қатерлі ісіктердің арасында жатыр  мойнының  обыры екінші  орында. 

Халық арасында «жаман ауру» аталып кеткен дерт  40 пен 44 жастағы  нәзік жандылар арасында  жиі кездеседі.  Жыл сайын елімізде 1700 адам осы дерттің құрбаны болуда. Өткен жылы облыста 86 әйел қатерлі ісікке шалдығып, 38-і көз жұмған. Олардың  76 пайызы  профилактикалық тексеріс кезінде анықталған. Егер дер кезінде емделсе, дәрігерлердің айтуына қарағанда, жатыр обырына шалдыққандардың өмірін бес жылға дейін ұзарту әбден мүмкін. Алдағы уақытта да алдын алу шаралары ұйымдастырылмақ.

– Ешқандай жолдама қажет емес. Онкогинеколог тегін қабылдады.  Скринингтен өткізді,–дейді облыстық көпбейінді ауруханасы  директорының  онкологиялық қызмет жөніндегі орынбасары Майя Әбдірахманова,–ең бастысы, ауруды ертерек анықтау.

Өткен жылы облыстық аурухананың онкологиялық қызметі өңірдегі 30400 әйелді тексерістен өткізген. Оның 17-сінен қатерлі ісік белгілері анықталыпты. Дәрігерлер аурудың алдын-алу үшін 11-16 жастағы қыздарға  тұрмыс құрмай тұрып, қатерлі дертке қарсы екпе алуды ұсынады. Бұл әлем тәжірибесінде бар дүние. Әрқашанда  ауырмайтын жол іздеген абзал.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Egemen Qazaqstan»

Ақмола облысы